Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейс 2027 жылдың соңында ұша бастайды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді

Фото: istockphoto.com

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейс бір жылдан кейін, 2027 жылдың соңында ұшуы тиіс. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дереккөзге сүйенсек, Көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі ассистенті Дэниел Дж. Эдвардспен кездескен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу Монреаль қаласындағы ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясында өткен.  

Дәл қазір Қазақстан АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) 1-санатын алуға тырысып жатыр. АҚШ қыркүйекте аудит жүргізіп, алдын ала оң қорытынды берген.

«Кездесу барысында 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейс ашу жоспары талқыланды», - деп хабарлайды Азаматтық авиация комитеті.

Талғат Ластаев атап өткендей, Қазақстан АҚШ-пен арада тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделі.