Баспана, мектеп және емхана мәселесі: «Әділет» кандидаттары құрылысшылармен кездесті

Автор: Бақыт Шынар

Кездесуде жаңа аудандардың инфрақұрылымы талқыланды

Фото: баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының кандидаттары Астана қаласындағы құрылыс саласының қызметкерлерімен кездесті. Тараптар жаңа тұрғын аудандарға қажетті мектеп, балабақша мен медициналық нысандар мен жол салуда мәслихаттың атқаратын рөліне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына кандидат Кәрімбек Құрманәлиев осы мәселелерді шешуде тұрғындардың ұсыныстары қалай ескерілетінін айтып берді. Яғни, оның айтуынша, дәл осы Қоғамдық кеңес азаматтар тарапынан құрылыс, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру мәселелеріне қатысты түскен өтінішті  тиісті органдарға жеткізеді.

«Мәслихат қарайтын негізгі мәселелердің бірі –  бюджет. Қаладағы көп мәселенің шешімі қаржыға байланысты. Сондықтан бюджетті қалыптастыру мен оның игерілуіне қатысты шешімдерде мәслихаттың рөлі зор. Мәслихат депутаты болу үшін үлкен жауапкершілік керек», - деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Ал № 10 сайлау округі бойынша кандидат Закиржон Умаров тұрғындардың тарапынан айтылатын көп шағын негізінен медициналық көмек, мектеп пен  балабақша тапшылығы сияқты мәселелер дейді. Ол округте медициналық орталық салу бастамасын қолға алғысы келетінін, ал мектептер мен жолдарға қатысты мәселелерді әкімдікпен және тиісті мекемелермен бірлесіп пысықтауды көздейді.

«Тұрғындармен сөйлесіп, шешімді бірге қабылдауымыз керек. Атқарылған жұмысты да бақылау қажет. Медицина саласында жұмыс істегендіктен, округте медициналық көмектің қолжетімді болуына үлес қосқым келеді», -  деді Закиржон Умаров.

Бұл ретте кандидат өз еңбек жолын, яғни, кезінде Жамбыл облысындағы Амангелді газ құбырының құрылысында жұмыс істегенін айтып, ауыр сала – құрылыстың оңай емес екенін еске салды және  құрылысшыларға алғыс білдірді.

Партиялық тізім бойынша кандидат, «Эндохирургия клиникасы» ЖШС бас директоры Салтанат Дженалаева да Закиржон Умаровқа қолдау білдіріп, № 10 округтің сайлаушыларын оған дауыс беруге шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, «Әділет» партиясының Астананы 2026–2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасында 57 жаңа мектеп салу, 90 шақырым жаңа көше салу, 360 шақырым қала көшесін жөндеу және 360 ауланы абаттандыру көзделген. Тұрғын үй қорын жаңарту бағытында 90 көппәтерлі үйді күрделі жөндеу, 280 лифтіні ауыстыру мен жаңғырту қарастырылған. Бағдарламада медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға да басымдық берілген.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді