Әбдіров Тоқаевқа алдағы мәслихат сайлауына дайындық барысын баяндады

Автор: Бақыт Шынар

 

Президент саяси партиялардың барлығына тең жағдай жасау маңызды екенін тапсырған

Фото: Ақорда

Бүгін, 16 қараша күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, Әбдіров Тоқаевқа екі аптадан кейін өтетін мәслихат сайлауына дайындық барысы туралы есеп берген.

«Орталық сайлау комиссиясының төрағасы президентке 2026 жылы 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысы бойынша сайлау органдарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде ақпарат берген. Президент сайлауды «Заң және тәртіп» конституциялық қағидаты негізінде өткізу, кандидаттар мен саяси партиялардың барлығына тең жағдай жасау маңызды екенін атап өтті», - деп хабарлайды Ақорда.

Бұдан басқа, мемлекет басшысы алдағы уақытта депутаттық корпустың жаңаруы жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне баса назар аударды.