Ирменов сыбайлас жемқорлыққа төтеп беруі керек
Айта кетейік, соңғы бір сағат ішінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысын ауыстырып, Сағымбаевтың орнына Ирменовті тағайындаған болатын. Президент тек тағайындау ғана жасап қоймай, ҰҚК жаңа басшылығымен Ақордада шұғыл жиын өткізген көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді», - деп жазады Ақорда.
Ол міндеттердің арасында ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру туралы міндеттер бар. Бұдан басқа Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатының орындалуына, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керек екенін атап өтті.
«Сонымен қатар Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу, басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы тапсырма берді», - деп хабарлайды Ақорда.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ауыс-түйіс жасап, Сағымбаевтың орнына Ирменовті тағайындаған болатын.