Беларусь: Тихановская елден кетіп қалды, митингте бір адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Украина Радасының депутаттары Лукашенконың жеңісін мойындамау туралы бастама көтерді 

Беларусьтегі президент сайлауында Александр Лукашенконың басты қарсыласы болған Светлана Тихановская қазір Литва мемлекетінде жүр. Бұл туралы Литваның Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс хабарлады.

«Светлана Тихановскаяға қауіп төніп тұрған жоқ. Ол Литвада», - деп жазды Твиттерде министр. 

Бұған дейін Тихановская Беларусь жерінде толастамай тұрған наразылық акцияларына қатыспайтынын айтқан еді. Бірақ Орталық сайлау комиссиясына дауыстарды қайта санауға шағым берген. Сайлауда ол 10,09%, Лукашенко 80,08% дауыс жинады.

Сайлау нәтижесімен келіспеген халық 10 тамызда да Минск мен басқа да бірқатар қалаларда митингке шықты. BBC қарсылық акциялары 7 сағатқа созылғанын жазды. Бүгінде әскери техникалар қаладан шығып кеткен, қоршаулар алынып тасталған.

Кеше әр жерде жиналмақ болған азаматтарды арнайы жасақ пен полиция шетінен ұстап әкетіп жатты. Дауыс шығаратын граната, водомет пен резеңке оқтар қолданылды. Елдің Ішкі істер министрлігі Минскідегі наразылық акциялары кезінде 1 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. Азамат құқық қорғау органдары өкіліне қарай жарылғыш зат лақтырмақ болған кезде абайсызда өз қолында жарылып кеткен. Митингке шыққандардың «Молотов коктейлі» деп аталатын жарылғыш құрал қолданғаны туралы ақпарат та бар.

Беларусьтегі жағдайға бірқатар елдер алаңдаушылық білдіріп, билікті айыптай бастады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео сайлау әділ болмады деп есептейді.

 «АҚШ наразыларға және оппозиция жақтастарына қарсы зорлық-зомбылықты жасағандарды айыптайды. Біз Беларусь халқының демократиялық талпыныстарын қолдаймыз»,- деп жазды ол Твиттерде.

АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байден Лукашенко режимінің интернетті өшіргенін, бейбіт шеруге шыққандар мен журналистерді тұтқындап, шетелдік бақылаушылардың «аузын жапқанын» айтты.

 «Мұның бәрі өзінің жеңісіне сеніп отырған саяси лидерге лайық емес. Бірақ журналистер мен белсенді азаматтардың арқасында демократияға шабуыл жасалғанын білеміз»,- деді ол. 

Литва президенті Гитанас Науседа Беларусь билігінің оппозицияға қарсы жасаған репрессиясы үшін Еуропа Одағы санкция салу керек деп мәлімдеді. Науседа егер Лукашенко адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ете алмаса, қарым-қатынас үзілуі мүмкін екенін меңзеді. 

Украина Радасының депутаттары Лукашенконың жеңісін мойындамау туралы бастама көтерді. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан