Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы қазір өңір-өңірді аралап жүр
Атырау қаласындағы Абай орталығына барған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қаладағы мәдениет және спорт саласының өкілдерімен кездесіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күнгі Жолдауындағы негізгі басымдықтар мен міндеттерді талқылаған және жиналған қауымға жан-жақты түсіндірген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, талқылауға Құрылтай депутаттары Арман Хайруллин мен Мұса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетовтер қатысқан.
«Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары, экономиканы жаңғырту, әлеуметтік саясатты жетілдіру және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамыту, еңбек нарығын жетілдіру және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағыттары да назардан тыс қалмады», - деп хабарлайды әкімдік.
Дереккөзге сүйенсек, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы бұл кездесуден басқа, Атырау облысының өзге де алаңдарында бас қосады.