Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйледі
Бүгін Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұйым түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екеніне назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақорда жазғандай, Тоқаев «бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз» екенін, «түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасап келе жатқанын» атап өткен.
«Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы – өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз, – деген Тоқаев.
Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты нығайту жолында «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын қолданудың маңызы зор екеніне мән беріп, Ресей ұйымға қосылуға ниет танытқанын айтты.
«Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді», – деді Тоқаев.