Асламбек Мерғалиев президентке есеп берген
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен. Бұл туралы Ақорда хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy
Ақорда хабарлап отырғандай, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдаған
Ол президентке сот жүйесінде биылғы тоғыз айда атқарылған жұмыс нәтижелері, сот ісін жүргізу үдерісін цифрландыру барысы, сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттыру шаралары туралы баяндаған.
«Осы уақыт аралағында сот органдары 24,8 мың қылмыстық істі қараған. Азаматтық істердің саны 28,4 пайызға ұлғайып, 605 мыңнан асты. Бұған банкроттыққа, тұрғын үй және жер дауларына қатысты талап-арыздар мен келісімшарттық міндеттемелер бойынша істер санының артуы себеп болып отыр», - деп мәлімдеген Мерғалиев.
Бұдан басқа, Жоғарғы соттың төрағасы мәлімдегендей, 29,2 мың әкімшілік іс және 319 мың әкімшілік құқық бұзу туралы іс қаралған екен.
«Даулардың жартысына жуығы медиациямен және басқа да балама жолдармен реттелген. Кассациялық сотқа 18 мыңнан астам шағым келіп түсті. Оларды қарастыру нәтижесінде апелляциялық сатыда түзетілген сот актілерінің саны екі есе, яғни 934-тен 1704-ке дейін өсті», - дейді Жоғарғы сот төрағасы.
Ал, Ақорда хабарлағандай, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 69,7 пайызға дейін өскен. Тоқаев сот төрелігі сапасын жақсарту және сот жүйесін жаңғырту шараларын іске асыру қажеттігіне назар аударды.