Егемендікке жол ашқан тарихи қадам: Республика күні мерекесінің ел өміріндегі маңызы қандай

Автор: Асыл Арман

Осыдан тұп-тура 36 жыл бұрын Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Әбілқасым Есентаев

Кез келген ауқымды іс қашанда алғашқы қадамнан басталады. Қазақстан халқының бүгінге дейінгі жетістігі, ешкімге тәуелді болмай, өз алдына дербес мемлекет болуы, арқа төріне астанасын көшіріп, ұлан-ғайыр жердің иесі атануы 1990 жылдың 25 қазанынан басталады. Azattyq Rýhy  Республика күні мерекесінің шығу тарихы мен ел өміріндегі тарихи маңызына тоқталып өтті.

Тарихи шешім

Осыдан тұп-тура 36 жыл бұрын Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы декларацияның негізінде қазақ халқы дербес мемлекет болды. Осының арқасында әлемде ауқымы жағынан 9-орында тұрған алып жердің толық иесі атанып, ешкімге жалтақтамай, халықаралық деңгейде өз саясатымызды жүргізуімізге жол ашты. Осылайша Қазақстан шартарапқа тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет танылып, өзінің даңғыл жолын бастады.

Ал декларацияда Қазақстан аумағының тұтастығы, ешқандай бөлікке бөлінбейтіні, түрлі ұлт өкілдерінің тату, бейбіт өмір сүретіні секілді қағидалар бекітілді. Осы құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу қағидаты да көрсетілді. Сол сияқты ҚазКСР өз әскерін құруға, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын жасақтауға құқық алды. Ал президент мемлекет басшысы әрі жоғары атқарушы биліктің жетекшісі болып танылды.

Араға бес жыл салып, 1995 жылдың 25 қазаны күні бұл күн Республика күні ретінде ұлттық мереке болып алғаш рет жарияланды. Тиісті жарлыққа Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.

Ал 2001 жылы бұл мереке ұлттық мереке мәртебесінен мемлекеттік мерекелер санатына ауыстырылды. 2009 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы «Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы» заңға сәйкес, Республика күнін мерекелеу ресми түрде тоқтатылды.

Қайта жанданған мереке

Арада жылдар өтіп, 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлытау облысында өткен Ұлттық Құрылтай отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесін қайтару мәселесін көтерді.


Фото: Ақорда

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол жылдың 29 қыркүйегінде мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осылайша 13 жыл ұмыт қалған Республика күні мерекесі қайта жаңғырып, тойлана бастады. Оған сәйкес, 25 қазан Республика күні ұлттық мерекеге, ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекеге айналды.

Айырмашылығы. «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына сүйенсек, ұлттық мерекелер – Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтып, алға қарай ұмтылып, дамуына жол ашқан, тарихи маңызы ерекше оқиғаларға орай белгіленген мейрам. Ұлттық мерекелер күні орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өтеді.

Ал мемлекеттік мерекелер қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналып, Қазақстан азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелерді қамтиды.

Яғни, Республика күні – еліміздің егемендікке қарай жасаған алғашқы қадамын белгілеген, мемлекеттілігіміздің бастауларын еске салатын тарихи дата. Ол – елдігіміздің қадірін түсініп, тәуелсіздігіміздің негізін қалаған тарихи шешімдердің маңызын ұғынатын күн.