Мемлекет басшысы Ақордада өткен кездесуден кейін NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангқа алғыс білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада өткен кездесуден кейін NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангқа алғыс білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына енгізуге қатысты ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде қолдану мен еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері сөз болды.
«Дженсен Хуангқа Ақордадағы нәтижелі кездесуі мен ЖИ-ді дамыту, оны Қазақстан экономикасында, әсіресе ауыл шаруашылығында практикалық қолдану бойынша пікір алмаса алғанымыз үшін алғыс айтамын. Сіздің идеяларыңыз бен кеңестеріңіздің біз үшін практикалық маңызы зор», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар технологиялық саланы дамыту бағытындағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге уағдаласты.