«Қазақстанның Қарулы Күштері сақадай сай болу керек»: Тоқаев Қорғаныс министрінің жаңа орынбасарларын қабылдады

Президент әскерді қаржыландыруға қатысты нақты тапсырма берген

«Қазақстанның Қарулы Күштері сақадай сай болу керек»: Тоқаев Қорғаныс министрінің жаңа орынбасарларын қабылдады
Фото: Ақорда

Бүгін президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қорғаныс министрінің орынбасарларын, атап айтқанда Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбековті және Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Олар президентке Қарулы күштердің қазіргі қызметі мен жауынгерлік әзірлігі, әскери даярлық іс-шараларын қаржылай қамтамасыз ету, Қорғаныс министрлігінің бюджетіне қатысты есеп берген. Сондай-ақ олар президентке жауынгерлердің жай-күйі мен әскерді жұмылдыру дайындығы, сондай-ақ ведомство органдарына және сарбаздарға жүктелген міндеттердің орындалуы туралы баяндаған.

Бұдан басқа, Қорғаныс министрінің орынбасарлары әскердің қазіргі қажеттіліктерін қаржыландыру және армияны дамыту бағдарламасы туралы мәлімет берген. Сондай-ақ әскери әзірлік міндеттерін ескере отырып қаражатты қайта бөлу, инфрақұрылымды жарақтандыру және бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің сақадай сай болуына және әскери әзірлік сапасына қатысты, сонымен қатар армияның ең басты қажеттіліктерін қаржылық тұрғыдан өтеу және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша бірқатар міндет жүктеді», - деп хабарлайды Ақорда.

Талқылау кезінде тараптар әскерді басқару жүйесін жетілдіру, шешім қабылдау жеделдігін арттыру және сарбаздың маманданған бағытына қарай міндеттерді орындауға дайындығына айрықша мән берген.

Бұдан бөлек, мобилизацияны жоспарлау және әскери резервті дайындау, жоспарланған шығындарды негіздеу, бюджет тәртібін сақтау, бөлінген қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру мәселелері, сондай-ақ қаржылық бақылау мен шығыстардың нәтижелілігін бағалау тәсілдері қарастырылды.