Тоқаев Ақордада Ленинград облысының губернаторын қабылдады
Александр Дрозденко Тоқаевқа Ресей президентінің сәлемін жеткізген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Ақорда жазғандай, кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жан-жақты бағыттары талқыланған. Соның ішінде, екі елдің стратегиялық серіктестігін дамыту үшін өңіраралық ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратыны айтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы айтарлықтай әлеуетіне тоқталып, Қазақстан аталған аймақпен тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін растаған.
Президенттің айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.
«Александр Дрозденко қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Ресей Президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді. Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың батырлығы мен қаһармандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар олардың ерлігі туралы естеліктер көздің қарашығындай сақталатынына назар аударды», - деп хабарлайды Тоқаев.
Әңгімелесу барысында өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Дрозденконы II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.