Министрлік Ресей тарапымен әртүрлі деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр
Бүгін әлеуметтік желіде адвокат Мейірман Шеккев оған Сыртқы істер министрінің өзі телефон соққанын, ұрыс аймағына тап болған 14 қазақстандықтың Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жететінін мәлімдеген еді. Алайда, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әлеуметтік желілерде Қазақстанның 14 азаматы бүгін қақтығыс аумағынан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігіне жетеді деген расталмаған мәлімет тарап жатыр. Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді», - деп хабарлайды министрлік.
Сыртқы істер министрлігі бұл азаматтардың тақырыбы дәл қазір қоғам үшін, әсіресе сол 14 жігіттің туған-туысы үшін қаншалықты маңызды екенін толық түсінеміз дейді. Ал желіде тараған жалған ақпарат сол туған-туысын адастырып, оларды бекер үміттендіруі мүмкін.
«Сондықтан тексерілмеген мәліметті таратуға мүлдем жол бермеу керек. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады әрі азаматтарды қорғау жөніндегі Министрліктің жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін», - деп баса ескертіп отыр министрлік.
Дәл қазір, дереккөз хабарлағандай, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмысын жалғастырып келеді. Ол жұмыстан қандай да бір нәтиже шықса, министрлік қосымша хабарламақ.