Дональд Трамп Tik-Tok-пен күресуге шындап кірісті

Автор: Azattyq Rýhy

АҚШ президенті әлеуметтік желі арқылы Қытай билігі тыңшылық жасауы мүмкін деп есептейді

АҚШ Президенті Дональд Трамп танымал TikTok әлеуметтік желісінің иесі ByteDance компаниясымен жасалатын кез келген келісімге тыйым салу туралы қаулыға қол қойды. Бұл жайында BBC агенттігі жазды. 45 күннен кейін күшіне енетін санкция АҚШ қауіпсіздігіне әлеуметтік желі тигізетін залалдың алдын алуға бағытталған.

Америкалық арнайы қызмет өкілдерінің сөзінше, TikTok мобильді қосымшасы ел азаматтарының жеке мәліметтерін жинауға қолданылуы мүмкін. Трамп сол арқылы АҚШ-тың үкіметтік құрылым қызметкерлерінің жүріп-тұруы бақыланып, тыңшылық әрекеттер орын алуынан қауіптенеді.

Трамп сонымен қатар, TikTok арқылы жалған ақпарат таралады, ұйғыр халқы немесе Гонконгтағы қарсылық секілді Қытайға тиімді емес жазбаларға цензура қойылады деп мәлімдеді.

Қазірдің өзінде елдің ішкі қауіпсіздік министрлігі, көліктік қауіпсіздік әкімшілігі мен АҚШ әскерінің қызметтік телефондарына TikTok жүктеуге тыйым салынған.

«АҚШ-та Қытай компаниялары иелік ететін мобильді қосымшалардың таралуы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне, сыртқы саясаты мен экономикасына қатер төндіреді. Қазір TikTok-тан келетін қауіпті жоюға әрекет жасау керек», - деді АҚШ президенті.

Трамп бұдан өзге, қытайлық Tencent компаниясына тиесілі WeChat қосымшасына да қарсы осыған ұқсас шаралар қабылдаған.

TikTok басшылығы Трамптың айыптауларының бәрін жоққа шығарып, АҚШ нарығынан кетпейтіндіктерін бірнеше рет айтты.

Ал, америкалық Microsoft компаниясы ByteDance компаниясынан TikTok-ты сатып алуға келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған. Трамп бұл шешімді АҚШ қазынасына оның құнының біраз бөлігі түссе ғана қолдаймын деп отыр. Әйтпегенде, 15 қыркүйектен бастап АҚШ-та TikTok-ты қолдануға толық тыйым салынуы мүмкін.

Көбіне жасөспірімдер арасында танымал қосымшаның 150 елде 1 миллиардқа жуық қолданушысы бар. Оның 80 миллионы АҚШ-та. Онда адамдар фонограммамен ән салып, билеп, оны 15 секундтық видеоролик ретінде жариялайды.

Айта кетейік, TikTok-қа бұған дейін Үндістан билігі шектеу қойған. Австралия да тыйым салу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан