Тоқаев пен Штайнмайер өндірісті, энергетикалық дәліздер мен Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі бірлескен декларация қабылдады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресми сапар қорытындысы бойынша бірлескен декларация қабылдады. Құжат екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға, бірлескен өндірістерді дамытуға және Транскаспий көлік дәлізінің әлеуетін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Өнеркәсіп пен инвестицияға басымдық беріледі
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті. Тараптар өзара тауар айналымын ұлғайтуға, жеткізілетін өнім түрлерін көбейтуге, инвестиция тартуға және өндірісті жергіліктендіруге мүдделі екенін растады.
Өнеркәсіптік әріптестікті тереңдету мақсатында тараптар 2026–2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік, технологиялық және шикізат салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын құптады.
Құжат аясында бірлескен өндірістер құруға, маңызды шикізат түрлерін өндіру мен өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруға басымдық беріледі.
Энергетикалық дәліздер мен Транскаспий бағыты дамиды
Қазақстан мен Германия энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және энергия ресурстарын жеткізу бағыттарын әртараптандыру бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Бұл ретте мұнай мен газ жеткізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, өнеркәсіпті декарбонизациялау және «жасыл» сутегін пайдалану мәселелеріне назар аударылады.
Президенттер Транскаспий халықаралық көлік бағытының Азия мен Еуропа арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Тараптар бұл бағытты сенімді әрі бәсекеге қабілетті маршрут ретінде дамытуды қолдайды.
Сонымен қатар Қазақстан, Германия және Еуропалық одақтың көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және өңірлер арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған бастамалары құпталды.
Цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы әріптестік кеңейеді
Бірлескен декларацияда цифрландыру, жасанды интеллект, ғылыми зерттеулер және ғарыш қызметі ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде көрсетілген.
Мемлекеттер ғылым мен білім беру саласындағы байланыстарды да тереңдетуге ниетті. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және білікті мамандар даярлау көзделген.
Тараптар Алматыдағы Қазақстан-Германия университетін одан әрі дамытуға, соның ішінде жаңа кампус құру мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ Астанада Қазақстан-Германия мектебін ашуға және техникалық-кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мән берді.
Бұдан бөлек, 2027 жылдың жазында Германияның Саар федералдық жерінде Қазақстан-Германия болашақ форумы өтеді деп жоспарланып отыр. 2028 жылы форумды Қазақстанда өткізу мүмкіндігі де қарастырылған.
Су ресурстары мен экология мәселелері назарда
Декларацияда климаттың өзгеруі, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне де басымдық берілген.
Президенттер Германия мен Орталық Азия елдері арасында қоршаған орта және климат саласындағы әріптестік құру жөніндегі жұмысты қолдады. Сондай-ақ Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен German Water Partnership салалық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты құптады.
Ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және денсаулық сақтау салаларындағы байланыстарды дамыту да құжатта қамтылған.
Виза рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келіссөздер аяқталды
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визаларды рәсімдеуді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздердің аяқталғанын құптады. Бұл қадам азаматтар арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды кезең ретінде бағаланды. Тараптар реадмиссия туралы келісімді іске асыру мәселесін де атап өтті.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Германия мәдениет, жастар саясаты, спорт және азаматтық қоғам арасындағы байланысты дамытуға мүдделі екенін растады.
Құжатта екі ел арасындағы саяси диалогты жалғастыру және сауда-экономикалық, ғылыми, білім беру мен мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға бейілділік білдірілген.