Тоқаевтың өкімімен Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Комиссия төрағасы болып ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тағайындалды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құрылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Тексерудің негізгі мақсаты — ведомстводағы жалпы жағдайды, оның ішінде әскери құрылымдарды қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласының ахуалын жан-жақты зерделеу.

Арнайы комиссияның құрамы бекітіліп, нақты тапсырмалар жүктелді.

Комиссия төрағасы болып ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева, ал оның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды. Тексеру тобының құрамына президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Е. Жиенбаев, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Ж. Элиманов, Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы М. Баймұқашев, Қаржы министрі М. Тәкиев, Бас Прокурордың бірінші орынбасары Ж. Өмірәлиев, ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары Ә. Алтынбаев және Ұлттық экономика бірінші вице-министрі А. Әмрин енді.

Жүктелген тапсырмаға сәйкес, арнайы комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде Мемлекет басшысына баяндауы тиіс. 

Тиісті өкім қол қойылған күнінен (2026 жылғы 26 қыркүйек) бастап ресми түрде қолданысқа енгізілді.