Биыл бұл елдің егемендік алғанына 35 жыл болған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения елінің басшыларын тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда хабарлағандай, Тоқаев Армения тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай президент Ваагн Хачатурян мен Премьер-министр Никол Пашинянға құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы армян халқының ұлттық бірлігі мен жасампаз рухын, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы абырой-беделін паш ететін бұл айтулы күннің тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетаралық ықпалдастық пен стратегиялық серіктестік одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
«Қазақ-армян ынтымақтастығы ойдағыдай өрбіп, бірлескен күш-жігердің арқасында мән-мазмұны толығып келеді. Бұл елдеріміз арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік рухына сай. Қазақстанның Армениямен сан қырлы байланысты күшейтуге ниетті екенін растаймын», – деп жазылған жеделхатта.
Президент Армения елі басшыларына мемлекеттік қызметте толайым табыс, ал достас армян халқына бақ-береке тіледі.