Ливан президенті Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан президентімен телефон арқылы сөйлесті.
«Бүгін Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім», - деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ливандағы Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған.
«Қазақстан азаматтарының (200-ге жуық), оның ішінде, қазақстандық дипломаттардың және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірдім. Ливан президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді», - деп жазды Президент.
Еске салсақ, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Жақын маңда орналасқан үйлердің, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылды. Соңғы ақпарат бойынша жарылыстан 100-ден аса адам қайтыс болған.