Министрліктің хабарлауынша, қазақстандық сарбаздар Бейрут портында болған жарылыстан зардап шеккен жоқ
Ливандағы қазақстандық бітімгерлік миссия сарбаздары Бейрут қаласындағы жойқын жарылыстан зардап шеккен жоқ. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір Қазақстан Қарулы күштері бітімгершілік полкінің төртінші бітімгерлік ортасының 120 сарбазы Ливанда жүр. Олар Үнді батальонының құрамында «Ливандағы БҰҰ уақытша миссиясына» қатысып жатыр.
«Біздің әскерилердің бөлімшелері жарылыс болған жерден алыс орналасқан. Бәрінің денсаулығы жақсы. Ештеңе болмаған. Олар Бейруттағы жарылыс салдарын жоюға қатыспайды», - деді министрлік өкілі.
Бітімгелік рота Ливанға бірнеше күн бұрын ғана жөнелтілген болатын. Министрлік олардың жергілікті аумақты патрульдеу, азаматтық тұрғындарға көмек көрсету, бақылау бекеттерін ұйымдастыру жұмыстарына және миссия штабының басқа да шараларына қатысатынын айтқан.
Еске салсақ, 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттардың терезелері шағылды. Соңғы ақпарат бойынша, жарылыстан кемі 78 адам қайтыс болған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан