Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрін қайта тағайындады

Автор: Бақыт Шынар

Мәдиев сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары болады

Фото: үкімет

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның кандидатурасына Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитеті келісім берген болатын.

«Қазақстан Республикасы Құрылтайының Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына тағайындау үшін Жаслан Мәдиевтің кандидатурасы келісілді. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сәйкес қаралды», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.

Комитет отырысының нәтижесінде ұсынылған кандидатураны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына тағайындауға болатыны туралы қорытынды қабылданды.