Жұманғарин өз орнын сақтап қалды: Құрылтай келісім беріп, Ақорда тағайындады

Автор: Бақыт Шынар

Ол премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі болады

Фото: ҰЭМ

Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Жұманғарин премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың тағайындауынан бұрын Құрылтайдың салалық комитеті премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің кандидатурасына келісім берген болатын.

«Қазақстан Республикасы Құрылтайының Қаржы және бюджет комитеті ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындау үшін Серік Жұманғариннің кандидатурасына келісім берді.  Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сәйкес қаралды», - деп хабарлайды Құрылтайдың баспасөз қызметі.

Комитет отырысының нәтижесінде ұсынылған кандидатураны Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындауға болатыны туралы қорытынды қабылданды.