Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланады
«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйытқы болуымен ауқымды медиажоба – жалпыұлттық online-марафон өтіп жатыр. Марафон тікелей эфирде сағат 09:00-ден түнгі 00:30-ға дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпыұлттық марафонның ерекшелігі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, үш мегаполистің сайлау күніндегі тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Қалалардың көрікті орындарынан репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады. Ал АҚШ, Түркия, Қытай, БАӘ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Бельгия және Ресейдегі тілшілер сол елдердегі қазақстандықтардың дауыс беру нәтижесін бөлісіп отырады.
Сайлау процесі туралы екі дереккөзден ресми ақпарат беріледі: Орталық сайлау комиссиясы ресми статистика мен дауыс беру процесі туралы бөліседі, ал халықаралық бақылаушылар өз бағалары мен бақылаулары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінің платформасында баяндайды.
Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланады. Оған қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады.
Іс-шара аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Басты сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі. Touch Screen арқылы негізгі статистикалық мәліметтер мен Қазақстанның әр сала бойынша халықаралық көрсеткіштері ұсынылады. Әр 2 сағат сайын меншікті тілшілер шетелдегі дауыс беру нәтижелерін баяндайды.
Марафон қонақтары арасында әр салада жетістікке жеткен ерекше тұлғалар да бар. Мысалы, 74 жасында Түркияда парапланмен ұшып, әлеуметтік желіде танымал болған Ырзақұл Жәнібекова, Эвереске көтерілген тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева, Глазго университетінде «Үздік профессор» атанған Бақыт Төлегенов сынды кейіпкерлер өз тәжірибелерімен бөліседі. Олар 5-7 минуттық мотивациялық және танымдық дәрістер оқиды. Дискуссия алаңында қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық, тарихи-мәдени тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырылады. Экспресс-камерада жедел пікірлер мен қысқа сұхбаттар беріледі. Сонымен қатар викторина және әртүрлі ойын-сауықтық шаралар қарастырылған.
«Қарқынды құрылыс» жобасы аясында ел аумағында жүріп жатқан ауқымды нысандардың алаңдарынан тілшілер арнайы хабар таратады.
Жалпыұлттық online-марафон республикалық және аймақтық медиа ресурстрдың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетіледі. Марафонға қатысты жедел жаңалықтар, маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram (http://t.me/onlinemarathon2026) арнасында жарияланып отырады.