Қарағандыдағы Бөкетов атындағы зерттеу университетінің доценті Маржан Біләлова жаңа Конституцияның азаматтық қоғамға, адам құқықтарына және мемлекеттік басқаруға ықпалын түсіндірді.
Қазақстандағы конституциялық реформа елдің құқықтық және саяси дамуына жаңа негіз қалыптастыруға бағытталған. Қарағандыдағы Бөкетов атындағы зерттеу университетінің Конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының доценті, PhD докторы Маржан Біләлова жаңа Конституцияның маңызы, азаматтардың құқықтары, қоғамдық ұйымдардың рөлі және азаматтардың Негізгі заңды білуі не үшін маңызды екенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Маржан Біләлованың пікірінше, Қазақстан Президенті ұсынған идея мен саяси бастама конституциялық реформаның жүзеге асуына ықпал етті. Оның айтуынша, реформа елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық шешімге айналды.
«Күшіне енген Жаңа Конституция мемлекеттің құқықтық және саяси дамуына жаңа негіз қалыптастырады. Ең маңыздысы – азаматтардың құқықтарын қорғау мен мемлекеттік басқаруды жетілдіруді жүзеге асырады», – деді Маржан Біләлова.
Сарапшы жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық бастамаларға қатысуы мен мемлекетпен диалог жүргізу мүмкіндіктерін кеңейткенін атап өтті.
«Конституция жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл — мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты қайта пайымдау, қоғамдағы әділет, жауапкершілік және сенім туралы ортақ түсінікті бекітеді», – деді ол.
Маржан Біләлованың айтуынша, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық қатысуға қатысты жаңа нормалардың әсері біртіндеп сезіледі. Сонымен қатар бұған дейінгі Конституциядағы бірқатар нормалар жаңартылып, күшейтілген.
Сарапшы Негізгі заңның жаңа мәтініндегі маңызды бағыттардың бірі ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялардың басымдығын атады.
«Алғаш рет конституциялық деңгейде адами капиталдың жетекші рөлі айқындалып отыр», – деді доцент.
Оның айтуынша, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты норма да бекітілді. Бұл жеке деректерді қорғауға, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, онлайн-алаяқтыққа, цифрлық зорлық-зомбылыққа және жеке өмірге заңсыз араласуға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған.
Сонымен қатар «Миранда қағидасының» конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өтті.
«Бұл құқықтық жүйенің әділеттілігі мен болжамдылығын арттыруға ықпал етеді. Ал институционалдық реформалардың толық нәтижесі уақытты қажет етеді», – деді Маржан Біләлова.
Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар азаматтардың мүддесін білдіріп, конституциялық реформалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасауы тиіс.
«Қазіргі таңда қоғамдық ұйымдар азаматтардың мүддесін білдіріп, реформалардың орындалуына қоғамдық бақылау жасауы тиіс деп білемін», – деді ол.
Маржан Біләлова Конституцияны білу әр азамат үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Негізгі заң Қазақстанның егемендігінің құқықтық тұғыры болып саналады.
«Конституция – біздің егемендігіміздің құқықтық тұғыры, ал оны дамыту – тәуелсіздікті мәңгілік етуге бағытталған ортақ ұлттық міндет», – деді сарапшы.
Оның пікірінше, конституциялық реформалардың мәні тек заңнамадағы өзгерістермен шектелмейді.
«Бұл — тек заңнамадағы өзгеріс емес, ол қоғам мен мемлекеттің өзара қатынас мәдениетін өзгертетін, азаматтық сана мен жауапкершілікті арттыратын процесс», – деді Маржан Біләлова.
Сарапшы азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі олардың қоғамдық және мемлекеттік өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Қоғам болған соң әртүрлі пікірдің болуы заңдылық. Әр адамның өз ойы, өз көзқарасы бар. Бірі қолдайды, бірі сынайды. Бірақ қанша түрлі пікір болса да, барлығымызды біріктіретін бір ортақ құндылық бар. Ол еліміздің тәуелсіздігі. Себебі бәріміздің мақсатымыз бір: Қазақстанның дамуы, елдің амандығы мен тұрақтылығы», – деп қорытындылады Маржан Біләлова.