Салыстырмалы талдауға сәйкес, Қазақстанда сайлау науқаны барысында азаматтардың дауыс беруге дайындығы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отыр
Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2026 жылғы 13 маусым мен 17 тамыз аралығында DATAMetrics (ҚСЗИ тапсырысы бойынша), Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ), Еуразиялық интеграция институты, Демократия институты және Қоғамдық саяси институты жүргізген жеті әлеуметтанулық зерттеудің деректерін талдады.
Салыстырмалы талдауға сәйкес, Қазақстанда сайлау науқаны барысында азаматтардың дауыс беруге дайындығы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар, өз таңдауын әлі айқындамаған сайлаушылар саны азайып, партиялық таңдаулардың көрінісі барған сайын айқындала түсуде.
Барлық жеті зерттеуде, олардың жүргізілу мерзімі, әдіснамасы және іріктеу көлемі бойынша айырмашылықтарына қарамастан, азаматтардың дауыс беруге дайындық деңгейінің көрсеткіштері бір біріне ұқсас.
DATAMetrics нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 75,6%-ы сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірген. Ал, Еуразиялық интеграция институтының екі зерттеуінде бұл көрсеткіш 72,1 және 73,2%-ды, ҚҚДИ зерттеулерінде 75,1% және 70,3%-ды, Қоғамдық саяси институтының зерттеуінде 72,3%-ды, сондай-ақ Демократия институтының зерттеуінде 73,1%-ды құрады.
Осылайша, электоралды белсенділік көрсеткіштері 70,3% және 75,6% аралығындағы диапазонда орналасып отыр. Ең төменгі және ең жоғары көрсеткіштер арасындағы айырмашылық небәрі 5,3 пайыздық тармақты құрайды. Бұл тұрақты үрдіс сауалнамаға қатысқандардың шамамен оннан жетеуі немесе одан да көп бөлігі науқан барысында сайлау учаскелеріне баруға ниетті екенін мәлімдегенін көрсетеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер аға буын өкілдері арасында электоралды белсенділіктің жоғары екенін көрсетті. ҚҚДИ мәліметтеріне сәйкес, аға буын өкілдері арасында бұл көрсеткіш 80,7%-ды құраса, жастар арасында 69,4%-ды құрайды. Дауыс беруге дайындық, сондай-ақ жоғары білімді азаматтар арасында да жоғары.
Соңғы екі айдағы көзге түскен үдерістердің бірі – партиялық таңдауларын әлі жасамаған сайлаушылар санының азаюы.
ҚСЗИ тапсырысы бойынша DATAMetrics компаниясы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, партиялық таңдауын әлі айқындамағандардың үлесі 22,6%-ды құраған.
Еуразиялық интеграция институтының алғашқы өлшеуінде бұл көрсеткіш 14,2%-ға дейін төмендесе, ҚҚДИ телефон арқылы жүргізген сауалнамада – 10,9%-ға, Еуразиялық интеграция институтының екінші зерттеуінде – 8,4%-ға, ал Қоғамдық саяси институтының соңғы өлшеуінде 5,3%-ға дейін төмендеген.
Осылайша, бірінші өлшемнен соңғы өлшемге дейінгі аралықта партиялық таңдауларын әлі жасамаған сайлаушылардың көрсеткіші 17,3 пайыздық тармаққа, яғни төрт еседен аса төмендеген.
Бұл динамика дауыс беру күнінің жақындауы, қоғамдық хабардарлықтың артуы және партиялық, ақпараттық, сондай-ақ үгіт-насихат науқандардың күшеюімен байланысты сайлаушылардың қалауларының біртіндеп нығая түсуін көрсетуі мүмкін.
Халықтың хабардарлық деңгейінің жоғары екенін қарастырып отырған соңғы өлшемнің нәтижелері де растайды. Қоғамдық саяси институтының мәліметтеріне сәйкес, респонденттердің 89,4%-ы тамыздың 23-і өтетін сайлау туралы хабардар. Олардың 55,2%-ы сайлау туралы ақпаратты жақсы біледі, ал 34,2%-ы сайлау өтетіні туралы естігенімен, егжей-тегжейлі ақпараттан хабардар емес.
Зерттеулерге жасалған салыстырмалы талдау «Әділет» партиясының тұрақты түрде көшбасшылық позицияны ұстап тұрғанын көрсетеді.
Оның көрсеткіші 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген ҚСЗИ зерттеуіндегі 54,2%-дан 20 шілде мен 6 тамыз аралығында Демократия институты жүргізген зерттеуде 70,3%-ға дейін өскен. Бірінші және соңғы өлшемдер арасындағы айырмашылық 16,1 пайыздық тармақты құрайды.
«Ауыл» партиясы салыстырып отырған зерттеулердің барлығында екінші орында тұр, оның көрсеткіші 5,1 мен 7,3% арасында қалыптасқан. Қалған саяси партиялардың рейтингтерінде салыстырмалы түрде айтарлықтай үлкен өзгерістер байқалмайды. Сонымен қатар, сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға қанша партия және нақты қай партиялар өтетіні әзірге ашық күйінде қалып отыр. Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасында үшінші және төртінші орындар үшін бәсекелестіктің сақталып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясы мен қазіргі сайлау науқанына қатысып отырған жалғыз оппозициялық партия, яғни Жалпыұлттық социал-демократиялық партия арасында да жеке бәсекелестік желісі қалыптасқаны байқалады.
Осылайша, қарастырып отырған кезеңдегі негізгі динамика электоралдық рейтингте партиялардың орындарының өзгеруімен ғана емес, сондай-ақ таңдауын әлі жасамаған сайлаушылар санының азаюымен және көшті бастап келе жатқан партияның позициясының нығаюымен байланысты.
Сонымен қатар, азаматтардың таңдауына әсер ететін факторлар да әртүрлі. Қоғамдық саяси институтының зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 44,4%-ы өзінің партиялық таңдауын жасауда олардың бастамаларының оң бағалануын басшылыққа алса, 29,2%-ы өзін осы партияның жақтаушысы деп санайды, 25,3%-ы Қазақстанның болашағын өзі таңдаған партиямен байланыстырады, ал 14,7%-ы партияның сайлаушылармен өзара іс-қимылына назар аударады.
Әлеуметтанулық динамика науқан барысында сарапшылар талқылауының негізгі тақырыптарының біріне айналды. 8 шілде мен 13 тамыз аралығында ҚСЗИ Астана, Алматы, Петропавл және Өскемен қалаларында жеті сараптамалық алаң өткізді.
8 шілдеде Астанада «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» тақырыбында және 16 шілдеде Алматыда «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбында сараптамалық алаңдар ұйымдастырылды. 23 шілдеде Петропавл қаласында өткен «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптамалық алаңында Қазақстанның жаңа конституциялық архитектурасы өңірлер тұрғысынан талқыланды.
30 шілдеде Астанада сарапшылар «Сайлау-2026» науқанындағы медианың және цифрлық платформалардың рөлін қарастырса, 4 тамызда Өскеменде жаңа саяси конфигурациядағы өңірлердің орны талқыланды.
Талқылау циклдары 13 тамызда Алматыда өткен «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» және «Партиялар бәсекесі: идеялар, бағдарламалар және сайлаушы үшін күрес» атты екі сараптамалық алаңмен жалғасты.
Сараптамалық пікірталастар барысында қоғамдық көңіл-күй мен электоралды мінез-құлық, науқанның өңірлік ерекшеліктері, партиялар арасындағы бәсекелестік, теледебаттар, цифрлық коммуникациялар, сондай-ақ азаматтардың таңдауына әсер ететін факторлар қарастырылды.
Қазіргі сайлау науқаны жаңа Конституцияның қабылдануы және өкілді биліктің жаңа архитектурасының қалыптасуынан кейінгі айрықша саяси контексте өтіп жатыр. Сондықтан азаматтардың сайлауға қатысуға деген ниетінің тұрақты түрде жоғары деңгейде болуын жаңа Құрылтайға және елдегі саяси трансформацияның одан әрі жалғасуына қатысты қоғамдық күтулер тұрғысынан да қарастыруға болады.
Соңғы бес жылда Қазақстан бірнеше сайлау науқанын және жалпыұлттық саяси рәсімдерді бастан өткерді. Сайлаушылардың еркіне тұрақты түрде жүгіну азаматтардың саяси үдерістерге тікелей қатысу тәжірибесін біртіндеп орнықтырып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауыкезекті электоралды науқан ғана емес, азаматтардың саяси үдерістерге қатысуы, партиялар арасындағы бәсекелестік, бұқара пікірталастар және саналы электоралдық таңдау барған сайын маңызды мәнге ие болатын жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың маңызды кезеңіне айналады. Жазғы кезеңге қарамастан, барлық жеті зерттеудің деректері 23 тамызда электоралды белсенділіктің айтарлықтай жоғары болатынын болжауға негіз береді. Бұл ретте соңғы екі айдағы негізгі өзгеріс сайлауға қатысуға деген мәлімделген ниеттің артуы емес (ол бүкіл кезең бойы жоғары деңгейде сақталды), партиялық таңдауын әлі жасамаған азаматтар санының едәуір қысқаруы болды. Сайлау жақындаған сайын электоралды ахуал барған сайын айқындала түсуде.