Құрылтай сайлауы: СІМ шетелдегі учаскелік сайлау комиссияларының құрамын бекітті

Автор: Алмас Ерсін

23 тамызда өтетін дауыс беру үшін шетелдегі 82 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы, орналасқан жері және жұмыс кестесі жарияланды

Фото: ҚР СІМ

Құрылтай сайлауы қарсаңында Сыртқы істер министрлігі шетелдегі учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, орналасқан жері және жұмыс кестесі туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Комиссиялардың нақты мекенжайлары мен құрамы көрсетілген ресми хабарлама Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайтында және шетелдегі мекемелердің ресми ресурстарында қолжетімді.

Сайлау учаскелері ел аумағынан тыс 100-ден астам жерде жұмыс істейді. Олар дәстүрлі түрде Қазақстанның түрлі мемлекеттердегі елшіліктері мен бас консулдықтарының базасында ұйымдастырылады.

Қалай дауыс беруге болады

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары сайлаушылар тізіміне енгізілу үшін алдын ала Қазақстанның жақын жердегі дипломатиялық өкілдігіне хабарласуы қажет. Дауыс беруге қатысу үшін өзімен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы тиіс.

Дауыс беру туралы негізгі мәліметтер

Дауыс беру 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 2026 жылғы 23 шілдеде ресми түрде басталады.

Алдағы сайлау 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген конституциялық реформалар аясында құрылған Қазақстанның жаңа бір палаталы парламенті – Құрылтайдың алғашқы шақырылымын жасақтайды.

Сайлауға Орталық сайлау комиссиясы қатысуға рұқсат берген, елде тіркелген саяси партиялар қатысады.

Еске салайық, бұған дейін алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлау туралы нені білу керектігін айтқан болатынбыз.