Президент қаладағы Data Center Valley туралы айтып берді
Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ғылым мен инновация орталықтарының бірі саналатын Шанхай қаласындағы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында бас қосудың символдық мәні зор екенін айта келе, Екібастұз қаласы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Екібастұз қаласындағы Data Center Valley жобасына ерекше тоқталғым келеді. Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру. Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда, осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады. Біз қытайлық серіктестерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделіміз», – деді Тоқаев.
Ақорда жазғандай, сонымен қатар қатысушыларға Қазақстанның цифрлық трансформацияның басымдықтарын таныстырып, технологиялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты факторларының бірі ретінде қарастырады, сондай-ақ халықаралық инвесторларды тарту үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым жасақталып жатыр.