Қазақстандықтар Құрылтай сайлауында кімге дауыс береді – сауалнама қорытындысы

Автор: Бақыт Шынар

Азаматтардың 72% сайлауда дауыс беруге дайын

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Еуразиялық интеграция институты 2026 жылдың 3-13 шілдесі аралығында Қазақстанның 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында азаматтар арасында бетпе-бет (face-to-face) сауалнама жүргізді. Жалпы іріктеу ауқымы 1640 респондентті құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy институттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Дереккөзге сүйенсек, Сауалнама қазақстандықтардың алдағы сайлау процесіне деген ынта-ықыласы жоғары екенін көрсетті. Респонденттерге алдағы жексенбіде Құрылтай сайлауы өткен жағдайда дауыс беруге баратын-бармайтыны жайлы сұрақ қойылды.

«Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 72,1%-ы оң жауап берді, яғни, сайлау учаскелеріне баруға дайын екенін білдірді. Респонденттердің 14,2%-ы сенімді емес екенін білдіріп, дауыс бермейтінін айтты, ал 13,7%-ы нақты жауап бере алмады.

Респонденттерге қазіргі уақытта қай партияға дауыс беретіндері жайлы «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, сіз қай партияға дауыс берер едіңіз?» деген сұрақ қойылды.

  • Партиялар рейтингінде «Әділет» партиясы көш бастап тұр, бүгінде оған респонденттердің 61,7%-ы дауыс беруге дайын.
  • Екінші орында – «Ауыл» партиясы, оған респонденттердің 5,1%-ы дауыс беретінін айтқан.
  • «Respublica» партиясы мен «Ақ жол» партиясының рейтингтері шамалас – сәйкесінше, 4,5% және 4,1%.
  • Сондай-ақ, Қазақстан Халық партиясы (3,6%) мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (3,5%) рейтингтері шамамен бір деңгейде.
  • «Байтақ» жасылдар партиясын респонденттердің 0,7%-ы қолдайды.
  • Респонденттердің 2,6%-ы «барлығына қарсы» деп дауыс беруге ниетті, ал 14,2%-ы әлі шешім қабылдаған жоқ.

Сауалнама қорытындысы респонденттердің көңіл-күйіне сайлау жарияланғаннан кейін байқалған саяси партиялардың белсенділігі айтарлықтай әсер еткенін көрсетеді. Сауалнаманың соңғы кезеңі партиялардың сайлауалды бағдарламалары бекітіліп, кандидаттар тізімдері жарияланған съездері өтіп жатқан кезіне тұспа-тұс келді.

Жалпы алғанда, зерттеу азаматтардың алдағы сайлауға деген ықыласы айтарлықтай жоғары екенін, сондай-ақ партиялардың сайлауға дайындық кезеңіндегі белсенділігі сайлаушылардың көзқарасына қаншалықты әсер ететінін көрсетеді.

Іріктеу таңдалған параметрлер бойынша (аймақ, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы және этносы) репрезентативті болып табылады, олар 18 жастан асқан азаматтардың әлеуметтік-демографиялық құрамының тиісті үлестеріне жуықтайды (ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректері бойынша). Іріктеудің 95% сенімділік деңгейіндегі қателік шегі ±1,18%-дан аспайды.

Еуразиялық интеграция институты бұл деректерді Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасына сүйене отырып жариялайды.