Тоқаев Ақордада Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады

Автор: Бақыт Шынар

Енді  Euronews қазақ тілінде ақпарат тарата бастайды

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Тоқаевтың пікірінше, Euronews уақиғаларды бейтарап жариялап, көрерменге сенімді ақпарат ұсынатын жаһандағы маңдайалды медиа ресурс ретінде танылған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, телеарна 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесін ашқан сәттен бастап, Қазақстан мен Орталық Азияның саяси, экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігі жайында көбірек хабар тарата бастады.

«Президент Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық таратуды қолға алғанын құптап, мұны өзара тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі деп атады. Педро Варгас Давид медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш рет қазақ тілі енгенін мәлімдеді», - деп хабарлайды Ақорда.

Ал, Тоқаевтың таяуда Брюссельге жасаған ресми сапарының нәтижелері жөнінде пікір алмасар кезде Педро Варгас Давид Euronews сайтында жарық көрген мақаласы туралы айтып берген көрінеді.