Сарапшының пікірінше, мемлекет институттарының тұрақтылығы негізгі басымдық болып қала береді
Сарапшы Айбар Олжай президенттік мерзімдер санына қатысты норманы түсіндіре келе, мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оның айтуынша, референдум арқылы халық жаңа Конституцияны қабылдады, сол арқылы, мемлекеттік басқарудың мүлдем жаңа үлгісі қалыптасты.
«Бұл осыған дейін жүргізілген саяси реформалардың қисынды жалғасы болатын. Бұл жерде биліктің ұстанымы анық. Реформалар тоқтамайды. Ал мемлекет институттарының тұрақтылығы негізгі басымдық болып қала береді. Осы орайда ескере кететін мәселе бар. Бұл – кей лауазымдардың өкілеттік мерзіміне қатысты. Бұған қатысты кулуарларда түрлі әңгіме айтылып жүргені белгілі. Сондықтан да президенттің Конституциялық сотқа сұрау салуы ішкі және сыртқы күштерге берілген белгі ретінде қабылдауға болады. Яғни, еліміздің стратегиялық бағытына мүдделі топтар ықпал ете алмайды. Ең әуелі, Конституция ескеріледі. Осылайша, ұлттық мүдде тұрғысынан анықталады. Меніңше, бұл Ақорданың тамаша қадамы болды», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, президенттің өкілеттік мерзімін ескі Конституцияның призмасымен қарау қисынға келмейді. Өйткені Қазақстан құқықтық жүйені түбегейлі жаңартты.
Оның үстіне, Айбар Олжайдың пайымынша, президенттің сұрау салуы түрлі қауесетке тоқтау болатыны анық. Құқықтық тұрғыдағы бүкіл мәселеге нүкте қойылды. Әрине, бұл президенттің автоматты түрде сайланатынын білдірмейді. Кімнің ел тізгінін ұстайтынын халық таңдайды.