Президент Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың жұмысы заманауи цифрлық технологияларға негізделуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, жаңа заң шығару органы заң жобаларын әзірлеу мен талқылауда электронды платформаларды кеңінен пайдаланып, қоғаммен ашық диалог орнатуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы өткен жылдың қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтергенін еске салды.
«Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін. Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет», – деді президент Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа құрамдағы депутаттар заң шығару процесінде цифрлық талдау құралдарына көбірек сүйенуі керек.
«Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек», – деді ол.
Президент маңызды заң жобаларын талқылау барысында сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірін кеңінен ескерудің маңызын атап өтті.
«Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, Құрылтай қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін ашық алаңға айналуы қажет.
«Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.