«Қазақтың еті қолжетімсіз асқа айналды»: депутат азық-түлік құны қымбаттағанын айтты

Автор: Темірхан Айжан

Азық-түлік бағасы 13,5 пайызға қымбаттады

Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Қазақстандық отбасылар табысының жартысынан көбін азық-түлік сатып алуға жұмсайды. Бұл – дамыған елдермен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Бұл туралы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Айдос Сарым Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2025 жылы ресми инфляция деңгейі 12,3 пайызды құрады, ал азық-түлік бағасы 13,5 пайызға қымбаттады. Күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызметтердің бағасына қарағанда, халық сезініп отырған қымбатшылық бұдан да жоғары. Экономикалық өсім мен инвестиция көлемі қаншалықты маңызды болғанымен, қарапайым азамат жалпы ішкі өнімнің көрсеткішіне емес, дүкендегі бағаға қарайды. Өйткені халық үшін басты өлшем – тұрмыс сапасы, табыстың сатып алу қабілеті және отбасылық бюджеттің жағдайы. Бүгінде ақпарат құралдарында «елімізде қазақтың асылған етінің өзі қолжетімсіз асқа айналып барады» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Бұл қоғамдағы көңіл күйдің көрінісі. Жасыратыны жоқ, қазақстандық отбасылар табысының жартысынан көбін азық-түлік сатып алуға жұмсайды. Бұл – дамыған елдермен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Әңгіме азаматтардың қай жерде тамақтанатынында емес. Негізгі түйткіл – халық табысының едәуір бөлігі күнделікті тұтыну шығынына ғана жетіп отырғанында. Табыстың басым бөлігі азық-түлікке, коммуналдық төлемге және басқа да ең қажетті шығынға жұмсалса, экономикалық өсімнің нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінбейтіні анық. Сондықтан Үкіметтің басты міндеті – макроэкономикалық көрсеткішті жақсартумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, нақты табысының өсуін қамтамасыз ету», – деді ол.

Депутат 2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін бірқатар маңызды көрсеткішпен ерекшеленгенін де атап өтті.

«Жалпы ішкі өнім 6,5 пайызға өсіп, еліміз Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша көшбасшы орнын сақтап қалды. Өткен жылы экономикаға шамамен 20 миллиард доллар инвестиция тартылса, Ұлттық қор активтері 4,6 триллион теңгеге ұлғайды. Әрине, бұл көрсеткіштер ел экономикасында оң үрдіс бар екенін көрсетеді. Алайда экономикалық өсімнің нақты нәтижесін халық күнделікті өмірде сезінуі маңызды», – деді ол.

Депутаттың дерегінше, экономикалық белсенді азаматтардың 90 пайыздан астамы кредиттік міндеттемелерге ие. Соңғы бір жылда тұтынушылық кредит көлемі 21 пайызға, автонесиелеу 42 пайызға өскен. Жалпы халық қарызы 25 трлн теңгеге жеткен.

«Бұл деректер қоғамдағы маңызды үдерісті аңғартады. Азаматтардың табысы артқанымен, олардың қаржылық тұрақтылығы күшейіп жатыр деп айту қиын. Өйткені табыстың едәуір бөлігі жинақ жанауға немесе инвестициялауға емес, ағымдағы тұтыну мен бұрын алынған қарыздарды өтеуге жұмсалуда. Көпшілік кредитті тұрмысын жақсарту үшін емес, күнделікті қажеттілігін өтеу үшін рәсімдейді. Бүгінгі қазақстандықтың орташа қомақты жинағы немесе табыс әкелетін активі болмауы мүмкін. Бірақ бөліп төлеуге алынған тұрмыстық техникасы, автокредиті немесе денсаулығына байланысты рәсімделген қарызы бар. Сонымен бірге бұл мәселені тек құқықтық тетіктер арқылы шешу жеткіліксіз. Қоғамда жаңа қаржылық мәдениет қалыптастыру қажет. Әр азамат өз мүмкіндігіне қарай өмір сүруді, күмәнді кредиттен бас тартуды, қаржылық шешімді жауапкершілікпен қабылдауды үйренуі тиіс», – деді депутат.

Айдос Сарым осы мақсатта 2023 жылдан бастап партия «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырып келе жатқанын еске салды.

«Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдап, оны жалпыұлттық деңгейде кеңейтуді тапсырды. Жоба аясында миллионға жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Мыңдаған адам қарызын қайта құрылымдау, шотына қойылған шектеуді алып тастау, банкроттық рәсімін жүргізу мәселелері бойынша қолдау алды. Сонымен қатар 900 мыңға жуық азамат қаржылық сауаттылық негіздері бойынша оқудан өтті. Бұл жоба азаматтардың уақытша қиындығын шешіп қана қоймай, олардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруына мүмкіндік береді. Сондықтан Үкіметтің аталған жобаны алдағы уақытта да жан-жақты қолдайтынына сенім білдіреміз», – деді ол.

Ол президенттің 2024 жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығындағы статистикалық мәліметтің дәлдігі мен шынайылығына қатысты маңызды мәселе көтергенін айтты.

«Арнайы комиссия жүргізген тексеру нәтижесінде елімізде есепте көрсетілген 2 миллион ірі қара мен 3 миллионнан астам ұсақ малдың шын мәнінде жоқ екені анықталды. Кейін мал басын нақтылау жұмысы жүргізіліп, ресми көрсеткіш айтарлықтай қысқарды. Алайда арада көп уақыт өтпей-ақ, мал саны қайтадан бұрынғы деңгейге жақындай түсті. Кейбір өңірлерде көрсеткіш тіпті бұрынғыдан да жоғары болып шықты. Жоғары аудиторлық палата мұны «қалыптан тыс өсу қарқыны» деп бағалады. Бұдан шығатын қорытынды біреу – ауыл шаруашылығын қағаз жүзіндегі көрсеткішпен дамыту мүмкін емес. Бұл салаға нақты нәтиже беретін, азаматтардың табысын арттыратын тиімді тетіктер қажет. Осы тұрғыда партия жүзеге асырып отырған «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» жобалары ерекше маңызға ие. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда мыңдаған азамат жеңілдетілген микрокредит алып, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, ауыл тұрғындарының табысы арта бастады. Сарапшылардың бағалауынша, бағдарламаға салынған әрбір бюджет теңгесі экономикаға қосымша қайтарым әкелуге қабілетті. Мемлекеттік қолдау дәл осылай жұмыс істеуі керек. Яғни, қағаз жүзіндегі көрсеткіштерді көбейтуге емес, нақты өндіріс пен нақты табыс қалыптастыруға бағытталуы тиіс», – деп атап өтті ол.

Депутат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысына да тоқталды. Оның айтуынша, бастапқыда жоспарланған 400 мектептің шамамен жартысы ғана пайдалануға берілген.

«Ұлттық жоба аясында бастапқыда 400 мектеп салу жоспарланған болатын. Алайда бүгінгі таңда жоспарланған нысандардың шамамен жартысы ғана пайдалануға берілді. Сонымен қатар қаржыландыру көлемі де едәуір қысқарды. Жүргізілген талдау бірдей үлгідегі мектептердің құрылыс құны өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетті. Кейбір жағдайларда айырмашылық 50 пайыздан асып кеткен. Бұл айырмашылықты жер сілкінісі қаупімен де, ғимарат көлемімен де толық түсіндіру мүмкін емес. Демек, баға белгілеу тетіктерінің тиімділігіне қатысты сұрақтар туындайды. Тағы бір маңызды мәселе – жаңадан салынған мектептердің сыйымдылығы толық пайдаланылмай отыр. Кейбір өңірлерде мыңдаған оқушыға лайықталып салынған мектептердегі орындардың жартысына жуығы бос тұр. Басқаша айтқанда, мектептердің жобалық қуаты нақты қажеттілікпен сәйкес келмеген. Жоғары аудиторлық палата бұл жағдайдың басты себебі ретінде қажеттілікті болжаудың бірыңғай әдістемесінің болмағанын көрсетеді. Яғни қай жерде мектеп салу керек, қанша орын қажет, халық саны қалай өзгереді деген мәселелер жеткілікті деңгейде сараланбаған. Соның салдарынан ауқымды қаражат жұмсалғанымен, кейбір жобалардың тиімділігі күткен нәтижеге толық қол жеткізе алмады. Сонымен бірге бұл жағдайды түзетуге мүмкіндік әлі де бар. Қалған мектептердің құрылысы бойынша шешімдер нақты демографиялық болжамдарға, өңірлік қажеттіліктерге және ұзақ мерзімді жоспарлауға негізделуі тиіс», – деді ол.

Айдос Сарымның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата жыл сайын көтеріп келе жатқан жүйелі мәселелер жеке орындаушылардан емес, жоспарлау мен басқару жүйесіндегі олқылықтардан туындап отыр.

Сонымен бірге ол ел экономикасының қиын сыртқы жағдайларға қарамастан негізгі әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырғанын атап өтті. Оның дерегінше, соңғы екі жылда заңсыз шығарылған активтер есебінен 542 млрд теңге қайтарылған, Ұлттық қор активтері 73,8 млрд долларға жеткен, ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 20,4 млрд долларды құраған.

Депутат бұл көрсеткіштерді елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде бағалады.