Бұл туралы бүгін Тоқаев мәлім етті
Бүгін Астанада мемлекеттік Ту көтеру рәсімінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда рәміздерді орынды пайдалануға қатысты өзгерістер болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі. Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді», - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз. Президент айтқанда, өмірдің барлық саласына осы ұстанымды сіңіру керек.
«Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті. Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие. Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек. Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр», - деді Тоқаев.