Кипр президенті бұл күндері Қазақстанда сапарлап жүр
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр президенті Никос Христодулидис Ақордада журналистерге арналған брифинг өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы мәлімдемелер кезінде Кипр тарапы Қазақстанның цифрлық шешімдеріне қызығып отырғаны белгілі болды.
Атап айтсақ, Ақорда хабарлағандай, келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударған.
«Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді көрсетуге дайынбыз», - деді Қазақстан президенті.
Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлінгені хабарланып отыр.
«Атап айтқанда, ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенемін», - деді Тоқаев.