Тоқаев Qoja Ahmet Yasaui орденін екінші рет кімге табыстағаны белгілі болды

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстандағы жаңа медальді бірнеше күн бұрын Ердоған тағынған еді

Фото: Ақорда

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулені Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азуленің ЮНЕСКО Бас директоры ретінде атқарған қызметіне жоғары баға берді.

«Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен ЮНЕСКО диалог пен ынтымақтастық алаңы ретіндегі рөлін арттыра түсті. Жаһанда бағдарсыздық пен қақтығыстар белең алған кезде Сіз білім мен мәдениет бейбітшілікті нығайтатын маңызды құрал екенін ұдайы дәлелдеп келесіз. Еліміздің бай тарихи және мәдени мұраларына назар аудару арқылы өзара серіктестікті кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал еттіңіз», – деді Тоқаев.

Ақорда жазғандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азуле Қазақстанның бірегей мәдени құндылықтарын, тарихи ескерткіштерін, зияткерлік мұраларын сақтауға және олардың халықаралық деңгейде танылуына ерекше үлес қосқанын атап өтті.

«ЮНЕСКО-ның бастамалары мен бағдарламалары арқылы әлемдік қоғамдастық Қазақстанның Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, Ұлы даланың мәдени кеңістігіне дейінгі қайталанбас мұраларымен таныс болды. Сондықтан Сізге Qoja Ahmet Yasaui орденін тапсыру – мен үшін зор мәртебе. Сіз Қазақстанға, әсіресе, халқымыз үшін орны айрықша Ясауи кесенесіне қатысты үлкен іс атқардыңыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Тоқаев Qoja Ahmet Yasaui ордені жарық көргеннен кейін оны бірінші болып Ердоғанның кеудесіне таққан еді.