«Теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен шыққан»: Тоқаев жаһандық нарық Жошы ұлысында қалыптасқанын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел

Фото: Ақорда

«Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда  президент Қасым-Жомарт Тоқаев ,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады дейді.

«Көп беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты. Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған.Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді», - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін.
 

«Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел. Алтын Орда Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты.  Жошы Ұлысының аумағы арқылы жыл сайын мыңдаған тонна тауар өтіп жатты. Атап айтқанда: Қытайдан – жібек, Үндістаннан – дәмдеуіштер, Ресей жерінен – тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен – қолөнер бұйымдары тасымалданды. «Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды», - дед президент.

Тоқаевтың айтуынша, себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ.

«Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды.Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады.
 Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі. Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған», - деді президент.
 

Тіпті, Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер болған деп еске алды президент. 

«Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады. Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты», - дейді Тоқаев.