Бүгін Қызылорда қаласындағы бірқатар дәріханаларға мониторинг жүргізілді
Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы облыс дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары А. Жарылқасыновтың жетекшілігімен мониторингтік топ Қызылорда қаласында орналасқан бірқатар дәріханалардағы дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізді. Атап айтқанда, «Чингиз», «Зерде», «Фармсервис» желілерінің жұмысы бақылауда болды.
21 шілде күні жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмекке сұраныстың азайғаны анықталды. Алдыңғы апталармен салыстырғанда, дәрі-дәрмек тапшылығы азайған.
Естеріңізге сала кетейік, мониторинг жүргізетін топ жұмысының басты мақсаты – дәріханалардағы қажетті дәрі-дәрмектің негізсіз қымбаттауына жол бермеу, кезегін күткен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арақашықтық сақталуын бақылау, қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылардың медициналық маска тағуын қадағалау.
Карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қадағалау облыстық партия филиалының тікелей бақылауына алынды, мониторинг жүргізу жұмыстары жалғаса береді.