Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге шықты

Автор: Нұргүл Абай

Келісім Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуына байланысты жасалған

Фото: istockphoto.com/IR_Stone

Мәжіліс «Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы» келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Келісім 2024 жылғы 24 сәуірде Астана қаласында бекітілген. Құжат Ұлыбританияның 2020 жылдың басында Еуропа одағынан шығуына байланысты жасалған.

Келісім аясында Қазақстан мен Ұлыбритания саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салаларда ынтымақтастықты күшейтеді. Әсіресе сауда, инвестиция тарту, қауіпсіздік, ғылым мен технология, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттарда бірлескен жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, екі ел халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін өзара саяси диалогты дамытып, халықаралық құқық пен ортақ құндылықтарға сүйене отырып жұмыс істейді.

Құжат кәсіпкерлік, кеден саласы, еңбек құқықтары, сот жүйесі, зияткерлік меншік, энергетика, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарындағы әріптестіктің құқықтық негізін де айқындайды.