Шетелдегі 9 мыңнан астам қазақстандық дауыс беріп үлгерген - Сыртқы істер министрлігі

Автор: Бақыт Шынар

Кейбір елдегі референдум учаскелері жабылып жатыр

Фото: СІМ

Шетелдегі референдум учаскелеріне келіп дауыс берген қазақстандықтардың саны 9050 мың азаматқа жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы бүгін кешкі сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелдегі азаматтардың дауыс беруі туралы есеп берген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлім етті. Бұған дейін хабарлағынымыздай, бүгін 54 елде ашылған 71 референдум учаскесі жұмыс істеді.

«Референдум учаскелерінде дауыс беру Астана уақытымен таңғы сағат 03:00-де басталған болатын. Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19:00-ге дейін шетелдегі барлық учаскелер ашылып, оның 14-і жабылып үлгерді. Осыған дейін келіп дауыс бергендер саны 9050 адам», - деді Исетов Орталық референдум комиссиясындағы брифингте.

Оның айтуынша, түнгі сағат 00:00-ге дейін шетелдегі 64 учаске өз жұмысын аяқтайды. Тек АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып 16 наурызда Астана уақытымен сағат 08:00-де жұмысын тәмамдайды.