Шетелдегі 3 мыңнан астам қазақстандық референдумға келіп, дауыс беріп үлгерген

Автор: Бақыт Шынар

Қазір 54 елдегі референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр

Фото: Сыртқы істер министрлігі

Ең соңғы деректерге сүйенсек, әртүрлі елдерде Қазақстандағы референдумға арналған 66 учаске ашылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Аталған учаскелерде 3 248 адам дауыс берді.

Еске салайық, Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін референдум учаскелері Қытай, Сингапур, Моңғолия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам, Индонезия және әлемнің басқа да елдерінде ашылды.

Қазіргі уақытта дауыс беру процесі Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанда да белсенді түрде өтіп жатыр.

Сондай-ақ қазақстандықтар Еуропаның бірқатар елдеріндегі референдум учаскелерінде дауыс беруді жалғастыруда. Атап айтқанда, Болгария, Грекия, Латвия, Литва, Румыния, Финляндия, Эстония, Австрия, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Венгрия, Нидерланд, Норвегия, Польша, Словакия, Франция, Хорватия, Чехия, Молдова, Швейцария, Швеция, Ұлыбритания және Португалия елдерінде дауыс беру жүріп жатыр.

Сонымен қатар Кипр Республикасында Қазақстан тарихында алғаш рет арал аумағында жүрген ҚР азаматтарының референдумға қатысуын ұйымдастыру үшін Қазақстан елшілігі жанынан №511 референдум учаскесі ашылды.

Жалпы алғанда, референдум кезінде 54 елдегі Қазақстанның шетелдегі мекемелері жанынан 71 учаске жұмыс істейді. Әскери-саяси жағдайдың күрделілігіне және біздің азаматтарымыздың саны аз болуына байланысты 10 елде 11 учаске ашылмайды. Олар: Иран, Израиль, Иордания, Катар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия.

Шетелде дауыс беруге тіркелген Қазақстан азаматтарының жалпы саны 14 380 адам.