Түркиядан келген халықаралық бақылаушылар Астана, Алматы және Түркістандағы референдум барысына баға берді

Автор: Бақыт Шынар

Олар жаңа Конституцияның жобасы Қазақстан үшін үлкен өзгерістерге бастайды дейді

Фото: скриншот

Қазақстандағы референдумға Түркия мемлекеттер ұйымы мен Түркияның Ұлттық Мәжілісінен келіп, халықаралық бақылаушы болған Омер Ходжамен мен Осман Местен Қазақстанның референдумды ұйымдастыруына жоғары баға берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар бұл ой-пікірлерін бүгін өтіп жатқан «Референдум-2026» онлайн телемарафоны кезінде Орталық коммуникациялар қызметінің алаңына келіп, ашық айтқан. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары Омер Ходжаманның айтуынша, жаңа Конституция жобасы Қазақстандағы үлкен өзгерістерге жол ашқалы тұр.

«Бүгін Қазақстанда өтіп жатқан референдумға бақылаушы ретінде қатысып отырмыз. Референдум алдында көптеген кездесулер өтті. Біз Қазақстанға осы сапарымыз барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасымен, Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен кездестік. Референдум барысын қадағалау барысында Қазақстандағы референдумның жоғары деңгейде өтіп жатқанына куә болдық. Біз бүгін осы референдумды бақылау барысында халықтың ерекше ынта-ықыласпен референдумға қатысып жатқанына да куә болдық. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды құжат. Осы құжаттан Қазақстанның басқару жүйесінде үлкен өзгерістер орын алып жатқанын көріп отырмыз. Парламент атауы өзгеріп, Құрылтай деп аталмақ. Вице-президент деген лауазым енгізілмек. Осы өзгерістерге байланысты Қазақстанға жетістіктер тілейміз. Қазақстандағы референдум халықаралық заңдарға толық сай өтіп жатқанын көріп отырмыз», - дейді ол.

Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының Құқықтық мәселелер және халықаралық байланыстар комиссиясының төрағасы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, делегация басшысы Осман Местен болса Қазақстанның үш аймағында бақылаушы болғанын хабарлады. Және ол жақтардағы референдум жоғары деңгейде өткен.

«Мен Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының атынан келіп отырмын. Қырғызстан, Әзербайжан және Түркиядан келген парламент депутаттары ретінде референдумға халықаралық бақылаушы болып қатысып отырмыз. Біз үш өңірде бақылау жүргіздік. Астана, Түркістан және Алматы қалаларында жұмыс істедік. Қазақстан халқының референдумға қатысуға және саяси өзгерістерге үлкен құлшыныспен қатысып отырғанын көріп отырмыз», - деді ол.