Жаңа Конституция жобасының әр тарауына, әр бабына, әрбір сөздің мағынасына терең үңілдім – Тоқаев

Автор: Бақыт Шынар

Президент әр тарауға қатысты өз ұстанымдарын Конституциялық комиссияға жолдап отырған

Фото: Ақорда

Бүгін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ форумында сөз алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасының мәтініне өзі де үлес қосқанын ашық айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ашығын айтайын, мен өзім де Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Мен оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым», - деді Тоқаев.

Президент терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аударғанын да ашық айтты.

«Мысалы, қазіргі Ата заңымызда «Қазақстан аумағының тұтастығы» деген ұғым бар. Негізі, бұл «жердің тұтастығы» болуы керек еді. Мен бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым. Себебі, жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен.  Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету – қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы – баға жетпес байлығымыз. Сондықтан «жердің тұтастығы» деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Мен бұл ұстанымды қолдаймын», - деді ол.

Алайда, Тоқаевтың айтуынша, халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі «аумақтық тұтастық» ұғымын өзгеріссіз қалдырған.

«Мен мұны жаңа Конституцияның жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті. Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді. Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз», - деді Тоқаев.