Сенат төрағасы еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін азаматтық қоғам институттарының бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие екенін атап өтті
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңір жұртшылығымен және кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады. Кездесулерде конституциялық нормаларды іске асыру тетіктері, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдары сөз болды. «Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбына арналған диалогқа мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, белсенді жастар және жергілікті кәсіпорындардың еңбек ұжымдары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сенат төрағасы еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін азаматтық қоғам институттарының бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев қазір Қазақстан ауқымды саяси жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты. Палата спикері осыған байланысты өңір тұрғындарымен қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша тікелей кері байланыс орнату үшін ашық диалог жүргізудің және Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды тиімді жүзеге асыру жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңызы зор екенін тілге тиек етті.
«Қазір еліміз, ешбір әсірелеусіз, өзінің даму жолындағы нағыз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соңғы жылдары біз тәуелсіз мемлекет қалыптастырып, тұрақты дамудың берік негізін қаладық. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларының арқасында экономикамызды, өндіріс пен кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытып келеміз. Адам капиталын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп, ғылым мен білімге ауқымды инвестиция салынып жатыр. Осы тұрғыда құқықтық және институционалдық жүйемізді жаңарту қажеттігі айрықша мәнге ие болып отыр. Біз оны жаңа міндеттерге, алдағы онжылдықтарда әлемдік дамуды айқындайтын үдерістерге бейімдеуіміз керек. Сондықтан жаңа Конституция жобасы – ең алдымен, жаңа сын-қатерлерге берілген жауап. Бұл – жаһандық тұрақсыздық жағдайында еліміздің әрі қарай серпінді, тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған және алдын ала жасалған маңызды қадам», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, бұл құжатты мемлекетті дамытудың ұзақмерзімді бағдары және саяси жүйені кешенді жаңғыртуды көздейтін маңызды тетік деп атады. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттарды жан-жақты жаңғыртып, заман талаптарына жедел бейімделетін икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Жаңа Ата Заң жобасы күшті әрі құзыретті Парламент, тиімді әрі нәтижелі Үкімет және тәуелсіз әрі ашық сот жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Саяси партиялардың рөлі күшейіп, консультативтік институттар дамиды. Сондай-ақ мәслихаттардың ықпалы артып, орталық пен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді жүйесі құрылады. Мұның бәрі әртүрлі әлеуметтік және этностық топтардың пікірін ескере отырып, мемлекетке уақытылы әрі салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – дей келе, Сенат Төрағасы өңір тұрғындарымен кездесуде алдағы кезеңде бірлесіп атқаратын жұмыстың негізгі бағыттарына назар аударды.
Облыстың белсенді жастарымен кездесуде Мәулен Әшімбаев конституциялық өзгерістер жас буынға өз әлеуеттерін жүзеге асыруға мол мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол мемлекеттік бастамалардың табысты жүзеге асырылуы, ең алдымен, азаматтық жауапкершілікке және жастардың елдің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция жастарға үлкен мүмкіндіктер кеңістігін ұсынады. Оның негізінде әділеттілік, заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер қағидаттары жатыр. Бұл – әрбір жас азамат өзінің білімінің, еңбегінің және бастамашылдығының арқасында әлеуетін толық жүзеге асыра алатын жағдай деген сөз. Ата Заң жобасында білім, ғылым, мәдениет және инновацияны дамытуға арналған басымдықтар бекітіліп, шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктері қарастырылған. Яғни, дарынды, білімді әрі бастамашыл жастарды қолдау ел дамуының стратегиялық басымдығына айналады. Бұл ретте жастардың өз жауапкершілігін терең сезініп, қазіргі тарихи өзгерістердің ауқымын түсініп, елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуы аса маңызды», – деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар сапар барысында Мәулен Әшімбаев «ЗИКСТО» ЖШС вагон жасау зауытының және қағаз өнімдерін шығаратын «Рим-ҚазАгро» фабрикасының еңбек ұжымдарымен кездесті. Одан бөлек, Парламент депутаттары «Мағжан орталығының» және Петропавл қаласындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған №2 коррекциялық мектебінің қызметімен танысты. Сондай-ақ аталған оқу орнының ұстаздарымен, «Sensitive» есту қабілеті төмен бишілер ансамблімен және өңірдің боччашыларымен кездесті.