Қазақстан 10 елдегі референдум учаскелерінің жұмысын тоқтатты – СІМ

Автор: Аягөз Құрмаш

11 дауыс беру учаскесі уақытша жұмыс істемейді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы әрі ресми өкілі Ерлан Жетібаев референдум учаскелері қай елдерде жұмысын уақытша тоқтатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына, сондай-ақ Украина мен Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне байланысты арнайы штаб құрылды. Соның нәтижесінде 10 елдегі 11 сайлау учаскесінің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Аталған учаскелер қатарында Қазақстан Республикасының Иран, Израиль, Иордания, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Корея Республикасы, Украина және Эфиопия елдеріндегі елшіліктері жанындағы, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан консулдығы жанындағы учаскелер бар», - деді Ерлан Жетібаев дәстүрлі брифинг барысында.

Оның айтуынша, референдум кезінде 54 елде барлығы 71 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Шетелдегі сайлаушылардың жалпы саны 14 230 адам.

«Қазіргі уақытта референдумға 10 халықаралық және өңірлік ұйымнан, шет мемлекеттердің 27 орталық сайлау комиссиясынан, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустан барлығы 336 халықаралық байқаушының қатысуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар референдумды 31 елден келген 68 шетелдік бұқаралық ақпарат құралының 185 өкілі ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуді жоспарлап отыр», - деді ресми өкіл.

Еске салсақ, 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдауға қатысты референдум өтеді.