$ 491.29  562.92  6.1
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бекназаров Құрылтай туралы: партиялар арасында әділ саяси бәсеке қалыптасады, популизмге жол берілмейді

Сенатор бір палаталы Парламентке көшу қисынды қадам деп санайды

Бекназаров Құрылтай туралы: партиялар арасында әділ саяси бәсеке қалыптасады, популизмге жол берілмейді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Конституциялық реформа аясындағы маңызды саяси өзгерістердің бірі – қазіргі қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай мен Халық кеңесінің құрылуы. Жаңа Конституция жобасында ұсынылған бұл бастамалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, заң шығару үдерісін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар қоғамда билік тармақтарының тепе-теңдігі қалай сақталады, жаңа институттар қандай міндет атқарады деген сауалдар туындап отыр. Осы және өзге де мәселелер туралы Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров Azattyq Rýhy-на берген сұхбатында айтып берді.

- Нұрлан Құдиярұлы, бір палаталы Құрылтай қазіргі екі палаталы Парламенттің орнына келсе, билік тармақтарының тепе-теңдігі қалай сақталады?

- Қазіргі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде конституциялық реформа жүргізіліп жатыр, бұл мемлекеттің конституциялық дамуы мен құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадам болып саналады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді.

Ата заң жобасында Құрылтай – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын ең жоғары өкiлдi органы болып бекітілді. Оның өкілеттіктері, құрамы және жұмыс мерзімі нақты белгіленіп, кең ауқымды ұсыныстар негізінде қалыптастырылды. Бұл құзіреттер теңгерімді және үйлесімді жаңа саяси жүйе қалыптастыруға бағытталып отыр. Ұсынылып отырған жаңашылдықтар мемлекеттік билікті ықшамдап, шешім қабылдау процесін жылдамдатуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейтін ауқымды жаңғырту стратегиясының маңызды бөлігі. Яғни, президент еліміздегі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде мемлекеттік биліктің барлық тармағының, атап айтқанда заң  шығарушы (Құрылтай), атқарушы (Үкімет) және сот билігінің үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл тұста, Құрылтай жоғары заң шығарушы орган ретіндегі қазіргі заманғы талаптар мен ұлттық мүдделерді ескере отырып құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді.

- Жаңа Конституция жобасында президентке белгілі бір жағдайларда Құрылтайды тарату құқығы берілген. Бұл норма заң шығарушы органның дербестігі мен саяси салмағын әлсіретіп жібермей ме?

- Билік тармақтарының өзара іс-қимылының негіздеріне әсер ететін және саяси тұрақтылық пен мемлекеттік басқарудың тиімділігімен тікелей байланысты болғандықтан Конституция жобасындағы ең көп талқыланған мәселелердің бірі — президенттің Құрылтайды тарату жөніндегі өкілеттігіне қатысты болды.

Конституция жобасының 62-бабына сәйкес, мемлекет басшысы Құрылтайды тек негізгі тағайындауларды келісуден қайталап бас тартқан жағдайда ғана тарата алады. Мұндай тағайындаулар қатарына вице-президент, премьер-министр, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері жатады. Сондай-ақ Құрылтай төрағасын сайлаудан қайтадан бас тартқан жағдайда да президент оны тарату құқығына ие болады.

Конституция жобасын әзірлеу барысында бастапқыда Құрылтайды тарату бойынша президенттің өкілеттігі императивті норма ретінде, яғни міндетті сипатта көрсетілген болатын. Алайда қоғамдық және сараптамалық талқылаулар нәтижесінде бұл норма қайта қаралып, диспозитивті, яғни президенттің құқығы ретінде бекітілді.

Бұдан бөлек, Конституция жобасында Құрылтайды қорғау және өкілеттікті теріс пайдаланудың алдын алу мақсатында нақты шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Конституцияның 51-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды. Ұсынылып отырған бұл өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, сондай-ақ мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз етуге қызмет етеді.

- Бір палаталы Құрылтай қалай жасақталады?

- Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасына сәйкес, Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады және оның депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл болып белгіленеді.

Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан, жиырма бес жасқа толған адам Құрылтай депутаты болып сайлана алады. Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.

Құрылтайда Президент квотасы болмайды, депутаттар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайланады. Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатты дамытуына ықпал етіп, олардың институционалдық рөлін күшейтеді және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Құрылтайда партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қойып, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі.

Сонымен қатар Құрылтайға өткен партиялар сайлауалды бағдарламаларын, халыққа берген уәделері мен бағыт-бағдарын бір алаңда талқылап, елдің әл-ауқатын арттыруға, экономиканы дамытуға, ішкі және сыртқы саясатты айқындайтын маңызды заңдарды қабылдауға белсенді қатысады. Осылайша, партиялар арасында әділ саяси бәсеке қалыптасады. Мұндай ортада популизмге жол берілмейді.

- Жаңа Конституция қабылданып, Халық кеңесі құрылған жағдайда бұл құрылым билік пен қоғам арасындағы диалогты қалай қамтамасыз етеді?

- Мемлекет басшысы реформалардың жаңа кезеңінде қоғамды толғандыратын барлық мәселені ашық әрі тұрақты түрде талқылайтын жалпыұлттық диалог алаңы қажет екенін назарға ала отырып, Қазақстан Халық кеңесін құру туралы бастама көтерген болатын. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды институционалдық тұрғыда бекітуге бағытталған маңызды қадам екендігі сөзсіз.

Негізгі заңның жобасына сәйкес, Қазақстан Халық кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның құрамы мәслихатар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің, этномәдени орталықтар және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен жасақталады.

Халық кеңесіне қатысты Конституциядағы нормалар мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттарына, қоғамдық келісімге, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтуға, мемлекет қызметінің қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге байланысты мәселелерді қамтиды. Кеңеске заң шығаруға бастамашылық ету құқығының берілуі – қоғамдық қатынастар мен аймақтардың дамуына қатысты маңызды бастамаларды жедел шешуге ықпал ететін заңнамалық қолдауды қамтамасыз етіп, Құрылтай мен Кеңестің өзара іс-қимылының тиімділігін арттырады.

Яғни, Кеңес қоғамдық пікірдің заңнамалық деңгейде ескерілуін қамтамасыз етіп, қоғамның қордаланған мәселелері мен халықтың үні естілетін мемлекеттік үлкен мінбер болмақ.

- Қос палаталы жүйеде заңдар екі деңгейде қаралатын. Бір палаталы модельде заңдардың сапасын арттыру үшін қандай қосымша сараптама немесе сүзгі механизмдері енгізіледі?

- Өздеріңіз жақсы білетіндей, мемлекет басшысының 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бір палаталы Парламентке көшу туралы бастамасы бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осы жұмыс тобының отырыстарында Құрылтайдың заң шығару үдерісі туралы мәселе жан-жақты талқыланды.

Нәтижесінде Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Құрылтай заң жобалары жұмысын жүргiзу, құзырына қатысты мәселелердi алдын-ала қарап, дайындау үшiн тұрақты комитеттер құрады. Жалпы Құрылтай жұмысының ұйымдастырылуы мен заң қабылдау қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциялық заңда айқындалады.

- Қазақстан үшін бір палаталы модель тарихи, саяси тұрғыдан қаншалықты негізделген?

- КСРО құрамында Қазақстанда ресми түрде бір палаталы Жоғарғы Кеңес болғаны белгілі. Алайда ол қазіргі мағынада толыққанды Парламент болған жоқ, яғни нақты партиялық бәсекелестік болған жоқ. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдымен бір палаталы Парламентті (1993-1995) сақтап қалды. 1995 жылы екі палаталы Парламент құрған жаңа Конституция қабылданды. Осылайша, тарихи тұрғыдан алғанда, бір палаталылық Қазақстанға жат емес, бірақ қазіргі жүйе күшті президенттік билік жағдайында тұрақтандыру құралы, саяси тұрақтылық қажеттілігі, заңнамалық процесті бақылау, аймақтық мүдделерді теңестіру құралы ретінде құрылды.

Мемлекет басшысы парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында сөйлеген сөзінде бір палаталы Парламентке көшу халықаралық тенденцияларға толық сәйкес келетінін атап өтті. Мұндай парламенттік жүйені әлем елдерінің үштен екісі қабылдады.

Бір палаталы Парламент құру туралы бастама инновациялық саяси шешім екенін қолдаймын. Қазақстанда бір палаталы Парламентке көшу туралы пікірталастар бірінші жыл болған жоқ. Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу қисынды қадам деп санаймын. Ол бірнеше жыл бұрын басталған трансформация курсын жалғастыруда.

Бір палаталы Парламентке көшу – заң шығару процесін жеделдету, цифрландыру және өзгермелі әлем жағдайында биліктің қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру қажеттілігіне жауап. Бұл реформа пропорционалды жүйе арқылы тиімділікті, кәсібилікті және көппартиялылықты қамтамасыз ете отырып, билік құрылымын шешім қабылдаудың жылдам қарқынына бейімдеуге арналған. Бір палаталы модель әлеуметтік-экономикалық және сыртқы сын-қатерлерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

- Жаңа Конституция жобасында сыбайлас жемқорлық үшін істі болған азаматтардың сайлануға құқығы шектелген. Бұл норма мемлекеттік билікте жемқорлықтың алдын алу мен азаматтардың сенімін арттыруға қалай әсер етеді?

- Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі ғана емес, ол қоғам талабы. Жаңа Ата Заңымыз жобасының 35-бабының 3-тармағында еліміздің азаматтарының сайлауға қатысу және сайлану құқықтарына қатысты норма нақтыланды. Бұл жаңашыл нормадағы ерекше назар аударатын түзету, қазіргі таңда қоғамға өте жағымсыз сипат алған сыбайлас жемқорлық қылмыс және құқықбұзушылық әрекеттеріне қатысты талаптардың қатаңдатылуы болып табылады. Яғни, сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы болмайды.

Бұл ереже саяси жүйенің тазалығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет пен сайланбалы лауазымдардың беделін арттыру, қоғамның билік институттарына деген сенімін нығайту сияқты бірнеше маңызды мақсатты көздейді.