Тоқаев энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады
Министр президентке отын-энергетика кешенінің жағдайы туралы есеп берген
Бүгін Ақордада энергетика министрі Ерлан Ақкенженов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі отын-энергетика кешенінің жағдайы, негізгі жобаларды жүзеге асыру барысы және секторды одан әрі дамыту жоспары жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ерлан Ақкенженов мұнай саласында орнықты динамика сақталып тұрғанын айтып, мұнай өңдеуді ұлғайту жоспарын баяндады. Сондай-ақ ол «Көмір өндіруді дамыту» ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынған.
«Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына – 6-дан 12 миллион тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауыты – 5,5-тен 6,7 миллион тоннаға және Павлодар мұнай-химия зауыты 5,5-тен 9 миллион тоннаға дейін өндірістік қуатын арттырады. 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар жайында мәлімет берді», - деп хабарлайды Ақорда.
Дереккөзге сүйенсек, биыл Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Қызылорда мен Түркістан облыстарында бу-газ қондырғылары базасында электр станциясы бой көтереді. Президент отын-энергетика секторын одан әрі дамыту, соның ішінде мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергиясы салаларында жоспарланған жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.