Министр әр сала бойынша есеп берген
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр президентке елдегі криминогендік ахуал туралы және қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндап берген.
Мәселен, Сәденовтің сөзіне сенсек, биыл екі айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 8 пайызға төмендеген екен. Бұл былтырғы екі айдың ішінде жасалған қылмыстардың санынан 1,3 мыңға аз.
«Интернет-алаяқтыққа қарсы жүйелі күрес жалғасып жатыр. Алдын алу шаралары және шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылдың арқасында киберқылмыс көлемі 4 пайызға төмендеді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында 71 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 11 топтың қызметі тоқтады. Есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында бес есірткі зертханасы жойылды», - деп хабарлайды Ақорда Сәденовтің сөзін.
Министрді тыңдаған президент елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берген.