Таяу Шығыстағы қақтығыс: Қазақстан әскери бөлімдерін «жоғары жауынгерлік дайындық» деңгейіне келтіреді

Автор: Бақыт Шынар

Қорғаныс министрлігінде жиналыс өтті

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан өз әскерін жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, Қарулы күштер басшылық құрамының қызметтік жиналысы өткен. Жиналыс Қазақстан әскерінің жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіруге арналған.

Министрліктің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, жиында бірыңғай оқ ату курсы, жауынгерлік дайындық, дене дайындығы мәселелері пәндері бойынша нормативтер жинағын жаңарту мәселесі талқыланған.  

«Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтің басшылығымен қолбасшылықтың жауынгерлік дайындық жүйесіндегі міндеттері, сондай-ақ басқару органдары мен әскери бөлімдерді жоғары жауынгерлік дайындық деңгейіне келтіре отырып, Десанттық-шабуылдау әскерлерін кенеттен тексеру нәтижелері талқыланды», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің сайты.

Қорғаныс министрі сондай-ақ тиісті бөлімшелерге запастағы офицерлерді даярлау тәсілдерін жаңарту, резерв, барлау, тыл мен медициналық қызмет бөлімшелерінің командирлік және жауынгерлік даярлық бағдарламаларын жаңғырту туралы тапсырма берген.