Алматыда «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Автор: Бақыт Шынар

Балаева алдағы реформалардың маңызына тоқталды 

Фото: мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгін, 2026 жылғы 13 ақпанда, Алматы қаласында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында сондай-ақ коалиция мүшелері – Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, «Қазақ тілі халықаралық қоры» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжехан, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласының өкілдері, шығармашылық одақтардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, ведомстволық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері сөз сөйледі.

Кездесу барысында вице-премьер елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформаларға және жаңа Конституция жобасының маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол Мемлекет басшысының Әділеттілік, Заң және тәртіп қағидаттарына негізделген бастамалары ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті.

Аида Балаева 15 наурызда өтетін республикалық референдумның тарихи маңызын ерекше атап өтіп, алдағы таңдау тек бүгінгі буын үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де жауапты шешім екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Конституциялық комиссия жарты жыл бойы қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық форматта жұмыс істегенін, мыңдаған ұсыныс қаралып, олардың елеулі бөлігі құжаттың жаңа редакциясында ескерілгенін айтты.

Вице-премьер жаңа Конституция жобасының басты идеясы – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану екенін атап өтті. Преамбулада бірлік пен келісім, этносаралық және конфессияаралық өзара түсіністік, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығы сияқты өзгермейтін құндылықтар бекітілген.

Сондай-ақ жаңа редакцияда мәдениет пен руханият мәселелеріне ерекше назар аударылғаны айтылды. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, зияткерлік меншікті қорғау және шығармашылық еркіндігін қамтамасыз ету нормалары Конституция деңгейінде бекітілді. Бұған қоса, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау туралы норма алғаш рет енгізілді.

Сонымен бірге театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев, ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров және басқа да қатысушылар жаңа Конституция жобасы бойынша пікірлерін білдіріп, саланы одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар ел болашағы үшін жауапты таңдау жасау қажеттігін атап өтті.

Жиын соңында Аида Балаева барлық қазақстандықтарды 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысып, жаңа Конституцияны қолдауға шақырды.