Елнұр Бейсенбаевтың депутаттық өкілеттілігі тоқтады

Автор: Нұргүл Абай

Бейсенбаев жуырда жаңа лауазымға тағайындалды

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Бүгін Парламент Мәжілісі депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі болған Елнұр Бейсенбаевтың Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралды. Осы аптада ол Қазақстан президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметіне тағайындалған болатын. Депутаттар қаулыны бірауыздан қолдап дауыс берді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бейсенбаевқа бірлесіп атқарған жұмыс үшін депутаттар корпусы атынан шын жүректен алғыс айтты.

«Сіздің жетекшілігіңізбен «AMANAT» партиясы өте тиімді жұмыс істеді. Өзіңіз де көптеген заңдарға басшылық жасадыңыз. Халықты толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерді шешуге атсалыстыңыз, әсіресе мемлекет басшысының реформаларын іске асыруда қосқан үлесіңіз өте зор. Сондықтан сізді жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймыз», - деген ол Елнұр Бейсенбаевты Мәжілістің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Экс-депутат Мәжілістегі әріптестеріне ризашылығын білдіріп, бес жылдық қызметте депутаттардан не үйренгенін айтты.

«Ең әуелі маған маңызды әрі жауапты міндетті жүктеп, үлкен сенім білдірген, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы алғысымды білдіргім келіп отыр. Сондай-ақ Мәжіліс мінберіндегі бес жылдық қызмет мен үшін саяси мектеп болды, толассыз тәжірибе мен шынайы мемлекетшіл болу, әрі отаншыл болуды осы мінберден үйрендім. Дәл осы залда әрбір саланың майталмандары отыр. Сіздермен тізе қосып, ортақ мақсатқа жету жолында біз біршама салиқалы әрі жемісті жұмыс атқарғанымызға бек сенімдімін. Ең бастысы, бәріміз бірлесіп еліміздің ең басты мұраты Әділетті Қазақстан құру жолында әрқайсымыз аянбай еңбек етіп келе жатырмыз. Мен сіздерден әрбір істе байыпты, байсалды, ең бастысы мемлекеттік позициялдан шешім қабылдауды үйрендім», - деді Бейсенбаев.