Мемлекет басшысы «Türkistan» газетіне берген сұхбатында ішкі реформалар мен сыртқы саясаттағы басым бағыттарды айқындады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жаңа саяси дәстүрге сай жыл басындағы кезекті сұхбатын отандық басылымға берді. Биыл «Türkistan» газетінде жарияланған сұхбатта мемлекет басшысы елдің ішкі саяси реформалары, халықаралық күн тәртібі, түркі интеграциясы мен Қазақстанның орта держава ретіндегі рөліне кеңінен тоқталған. Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ерікұлының пікірінше, сұхбатта айтылған басымдықтар Қазақстанның алдағы саяси және сыртқы саяси бағытын айқындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Президент Қ.Тоқаев жыл басында қалыптасқан жаңа саяси дәстүрге сай кезекті сұхбатын берді. Бұған дейін Мемлекет басшысының сұхбаттары «Egemen Qazaqstan» және «Ana tili» газеттерінде жарияланған болса, биылғысы «Türkistan» газетінде жарық көрді.
Әдеттегідей Президент ел ішіндегі және халықаралық ахуалға жан-жақты тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлар мен басымдықтарды белгіледі.
Біріншіден, Қ. Тоқаев үшінші жыл қатарынан сұхбатты мемлекеттік тілде шығатын отандық басылымдарға беріп отыр. Бұл тіліміздің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін күшейтіп, саясат, экономика, халықаралық қатынастар, ғылым сияқты салаларда толыққанды қолданылып келе жатқанын айқындайды.
Екіншіден, сұхбат жарияланған «Türkistan» газетінің ерекшелігі атап өтілді. Басылым тек ел ішіндегі өзекті мәселелерді ғана емес, күллі түркі дүниесіне ортақ тақырыптарды да тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұл – түркі бірлігі мен түркі интеграциясының Қазақстанның стратегиялық күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі екенінің айғағы. Осы орайда биыл Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтетіні атап өткен жөн.
Үшіншіден, 2025 жылы Президенттің Анкара, Бейжің, Вашингтон, Мәскеу, Токио және өзге де әлем астаналарына жасаған сапарлары талқыланды. Мемлекет басшысы бұл жоғары деңгейдегі кездесулер Қазақстанның әлемдік аренада беделінің артып, оның халықаралық құқықтың дербес әрі салмақты субъектісі ретіндегі рөлінің нығайғанын айқындайтынын атап өтті. Демек, Қазақстан орта держава ретінде ұлттық мүддеге негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын жүйелі түрде жалғастыра беретін болады.
Төртіншіден, былтыр ұсынылған парламенттік реформалар мәселесі қозғалды. Президент биылғы жыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағыты айқындалатын маңызды кезең болатынын атап өтті. Осылайша саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы аясында кезең-кезеңімен іске асырылмақ.
Қазіргі жер жаһандағы геосаяси әрі геоэкономикалық жағдайды ескере отырып, еліміз бүгінгі сын-қатерлерге прагматикалық әрі теңгерімді саясат арқылы жауап беріп отыр.
Бұл бағыт Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғап қана қоймай, оның халықаралық аренадағы орны мен ықпалын одан әрі нығайта түсуге мүмкіндік береді».